Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы

2020-02-07

Өнерім – өміріммен ұштасқан

Көп әлі көргенімнен көрмегенім, Өзімді өзім ертіп өрмеледім. Қаратау терісінде қара өлең, Құшақтап қыз жүр десе, сол – мен едім! – деген ақын, бұл күндері Қаратау терісі мен күнгейінің өлең сүйер қауымына танылып та, табындырып та үлгерген Гүлнәр Есіркепқызы Өмірбектің өлке мәдени кеңістігінде есімі естілгелі ширек ғасырдан асыпты. Қашанда ел тынысымен тыныстап, өлке әдебиеті мен өнерімен өрнектелген бірегей өмір үлгісі бәрімізге таныс, баршамызға жылы.

Азаматтық тұлғасы арлы, кітапханашылық қызметі адал Гүлнәр Өмірбекті үлкендер ізгі тілекпен қолдап, кішілер құрмет тұтып келеді. Оны танығалы кітапхана мен Гүлнәр, кітап және Гүлнәр дегенді екі бөліп қарамайды теріскей елі. Жап-жас өрімдей кезінен кітап деп шырылдап, оқырман деп тақ тұратын Гүлнәр апайымыз бұл күндері өзі де Кітап – Адамға айналғандай. Осы кітап – ғұмырға көз салсақ, шынында да Гүлнәр Өмірбектің өлке әдеби-мәдени саласындағы еңбегін ой елегінен өткізер болсақ, бәрі көз алдымызда өтіп жатыр екен. Осы орайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының «BOOKDATING – Оқы! Талпын! Арманыңа жет!» атты кіші жобасының аясында кітап пен оқуға жастардың назарын аудару, өлкеміздің танымал адамдарының шыңдалуына арқау болған кітаптармен танысу, өмір салты шабыттандыратын және таңдандыратын тұлғалармен кездесу, оқырмандарға ақынның өмірі мен шығармашылығын таныту мақсатында Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Гүлнәр Өмірбектің 60 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылған «Өнерім – өміріммен ұштасқан» атты кездесу кеші өтті. Кездесу кешіне Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері, мәдениет қайраткері, журналист, жазушы Айдарбекова Күлия Смайылханқызы, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек, «Ақылдым» балаларға арналған республикалық журналының редакторы Нарымбетова Бейсенкүл Жақсыбекқызы, Ақын, жазушы, журналист, Әлем Халықтары Жазушылары Одағының сондай-ақ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Республикалық «Әйел құпиясы» және «Әйел денсаулығы» газеттерінің бас редакторы әрі құрылтайшысы Фатима Забурақызы Жүнісова, Жазушы Бақтыгүл Рүстемқызы Ауданова, А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Дінәсілова Шәрбану Әлмаханбетқызы, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының директоры Парымбекова Закира Сембекқызы, Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Сабыр Дүйсенбекұлы Батырбеков, Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері: Бораншиева Сәуле Мақамбайқызы, Қыстаубаева Айтбала Бейісжанқызы, Айтжанова Мадина Сапаққызы, Созақ аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Маймақова Ғалия Сулубекқызы және де А.Навои атындағы №11 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Салтанатты кешіміздің құрметті де қадірлі қонағы Гүлнар Есіркепқызымен кездесу, сырласу, жүздесу кешіне арнайы келген қонақтар, сонымен қатар облысымыздағы бірқатар аудандық балалар кітапханаларының кітапханашылары Теріскей өңірінің талантты, шығармашыл, өнерлі де өрелі ақын қызын мерейлі мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Кездесу кешінің қонақтары үшін №78 жалпы орта білім беретін мектебінің 7-сынып оқушылары қаламы қасиетті, ақындығы ардақты ақынның өлеңдерінен жыр-шашуын шашып, кітапханамыздың тұрақты оқырманы, Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Барақ Нұрхан белгілі қаламгер, ұстаз Ескермес Жақсымбетұлының сөзіне жазылған «Бала ғашық» әнін, Састөбе ауылы А.С.Макаренко атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 3 «в» сынып оқушысы Арысбек Мейіржан «Бір жұлдызым», «Қимаймын» әндерін, сондай-ақ Созақ ауданының «Мыңжылқы» мәдениет сарайының қызметкері Мархабат Бейсенова Гүлнәр Өмірбектің сөзіне жазылған Әділ Жүсіповтың әні «Созақ кітапханашыларының әні» және де аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей» әндерін орындап, өз өнерлерін көрсетті.

Справочник Шымкента,